
15 шілде күні «Қайрат» — «Олимпия» матчы өтеді
Қазақстандық футбол клубтары қатысатын еурокубок ойындарына қазылық жасайтын төрешілер құрамы белгілі болды. Чемпиондар Лигасы, Еуропа Лигасы және Конференция Лигасының алғашқы іріктеу кезеңдерінде қазақстандық командалардың ойындарына Еуропаның түрлі елдерінен келген тәжірибелі арбитрлер қызмет көрсетеді. Бұл туралы inform.kz жазды.
Чемпиондар Лигасы: «Қайрат» — «Олимпия»
Алматылық «Қайрат» пен словениялық «Олимпия» (Любляна) арасындағы кездесуге Италиядан келген төрешілер бригадасы тағайындалды. Бас төреші қызметін Маттео Маркетти атқарады. Оған қапталдағы көмекшілері Алессио Берти мен Валерио Коларосси қолдау көрсетеді.
Бұл матч 15 шілде күні сағат 20:00-де Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.
Еуропа Лигасы: «Ақтөбе» — «Легия»
Еуропа Лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Ақтөбе» өз алаңында Польша чемпионы Варшаваның «Легиясын» қабылдайды. Бұл ойынға төрелік ету швед арбитрлеріне сеніп тапсырылған. Бас қазы — Гранит Македонци, ал оның көмекшілері — Макс-Робин Вильде мен Маркус Клитте.
Ойын 17 шілде күні сағат 21:00-де Ақтөбедегі Орталық стадионда басталады.
Конференция Лигасы: «Ордабасы» — «Торпедо»
Шымкенттің «Ордабасысы» Конференция Лигасында грузиялық «Торпедомен» (Құтаиси) күш сынасады. Бұл матчқа Болгариядан келген төрешілер бригадасы төрелік етеді. Басты арбитр — Никола Попов, ал қапталдағы көмекшілері — Георгий Тодоров пен Георги Дойнов.
Кездесу 17 шілде күні сағат 21:00-де Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өтеді.
Еске салсақ, осы қарсыластар арасындағы алғашқы ойындарда қазақстандық командалар мынадай нәтижелер көрсетті:
«Қайрат» сырт алаңда «Олимиямен» 1:1 есебімен тең ойнады;
«Ақтөбе» Варшавада «Легияға» 0:1 есебімен жол берді;
«Ордабасы» Грузияда өткен тартысты матчта «Торпедоға» 3:4 есебімен есе жіберді.