
Данил Анкудинов Испанияның Сегунда клубымен келісімшартқа қол қойды
Қазақстан жастар құрамасының (U21) футболшысы Данил Анкудинов Испанияның «Агрупасьон Депортива Сеута» клубына ауысты. Бұл туралы испан клубы ресми мәлім етті.
Өткен маусымда шабуылшы Испания футболындағы күш жағынан бесінші дивизион саналатын лигада өнер көрсететін Санта-Крус-де-ла-Пальма қаласының «Менсахеро» клубында ойнап, сегіз гол соқты. Ал «Сеута» алдағы маусымда Сегундада (Испанияның екінші лигасы) ойнайды, бірақ Анкудинов әзірге клубтың қосалқы командасын күшейтетін ойыншы ретінде ұсынылды.
Шілденің соңында 22 жасқа толатын қазақстандық футболшымен келісімшарт бір маусымға жасалды. Тараптар қойған міндеттер орындалған жағдайда келісім тағы бір жылға ұзартылуы мүмкін.
«Данил — шабуыл шебінде сенімді ойынымен, қарқынды физикалық дайындығымен және жойқын жүгіруімен танымал, бойы 1,88 метр болатын форвард. Клуб атынан біздің қаламызға қош келдіңіз дейміз және сәттілік тілейміз, – делінген «Сеутаның» хабарламасында.
Қазіргі таңда Анкудиновтың трансферлік құны шамамен 75 мың еуро деп бағалануда. Форвард Қарағандыда дүниеге келген, бірақ 10 жасынан бастап Тенерифеде тұрып келеді. Қазақстан жастар құрамасы сапында ол алты матч өткізіп, бір гол соқты.
Анкудинов бұған дейін Беларусьтің «Днепр» (Могилев), Молдованың «Шериф» (Тирасполь), Литваның «Джюгас» (Тельшяй), Арменияның «Ван» (Чаренцаван) және Ресейдің «Родина-2» (Мәскеу) клубтарында ойнаған. Ол екі рет Молдова чемпионаты мен Кубогын жеңіп алған.