
ФИФА өзге ойыншыларды да жіті тексеріп жатыр
2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі қызып тұрған шақта Боливия құрамасы үлкен дау-дамайға тап болды. ФИФА елдің екі ойыншысы Рамиро Вака мен Борис Сеспедестің допинг қолданғанын анықтап, салдарынан ұлттық құрамаға жеті ұпайдан айырылып қалу қаупі төніп тұр.
Даулы жағдай қалай туындады?
Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) 2025 жылдың 25 наурызында Уругвайға қарсы өткен матчтан кейін екі боливиялық футболшының допинг-сынамасы оң нәтиже көрсеткенін хабарлады. Қазір тергеу жалғасып жатыр, ФИФА өзге ойыншыларды да жіті тексеруде.
Борис Сеспедес не дейді?
Ал Борис Сеспедестің өзі бұл жағдайға медициналық штаб кінәлі деп отыр:
«Мен биік таулы өңірге бейімделу үшін дәрігердің нұсқауына сүйендім. Дәл сол кезде маған биіктікке байланысты белгілерді басатын дәрі жазып берді. Мен ол емде тыйым салынған зат бар екенін білмедім», - деді футболшы.
Боливия құрамасы үшін үлкен қауіп
ФИФА тарапынан Боливиядан жеті ұпай шегерілсе, құраманың әлем чемпионатына шығуы екіталай. Қазір іріктеу кезеңінің аяқталуына небәрі екі ғана ойын қалған. «Ла Верде» (Боливия құрамасының лақап атауы) бұл шешімге ресми шағым түсіруі ықтимал. Алайда тергеу барысында тағы басқа футболшылардың да аты аталса, жағдай бұдан да ушығуы мүмкін.