
Футболшының сүйіктісі Изабель Хаугсенг Йохансен жаңа аксессуарын көрсетті
Британиялық басылымдар «Манчестер Сити» және Норвегия құрамасының шабуылшысы Эрлинг Холанд сүйіктісіне бағасы зәулім бір үйдің құнындай сөмке сыйлағанын жарыса жазып жатыр.
Футболшының сүйіктісі Изабель Хаугсенг Йохансен әлеуметтік желіде жаңа аксессуарымен түскен суреттерін жариялады. Кадрлардан оның қолында Hermès брендінің гауһар тастармен көмкерілген сөмкесін көруге болады.
Daily Mail-дің жазуынша, бұл сән үйінің дүниесін интернет-дүкендерден табу мүмкін емес. Hermès Birkin 25 Himalaya Niloticus Crocodile үлгісіндегі, гауһартаспен әрленген бұл сөмке Hermès Madison Avenue Couture сияқты ресми реселлерлер арқылы ғана сатылады. Бағасы – 330 мың фунт стерлингтен (шамамен 240 миллион теңге – ред.) басталады.
Айта кетейік, Эрлинг пен Изабель бірін-бірі бала күнінен таниды. Сол кезде болашақ жұлдыз Норвегияның «Брюне» клубында доп тепсе, Изабель сол команданың әйелдер құрамында ойнаған.
Естеріңізде болса, Hermès Birkin сөмкесі бұған дейін атышулы Перизат Қайраттың тәркіленген мүлкі көрсетілген бейнежазбадан да көзге түскен болатын. Бұл видеоны Қаржылық мониторинг агенттігі жариялаған. Қайраттың сән коллекциясында Hermès, Louis Vuitton, Dior, Chanel, Gucci, Fendi сынды әлемге әйгілі брендтердің аксессуарлары болған. Олардың жалпы құны 110 миллион теңгеден асып жығылады.
Перизат Қайраттың иелігіндегі сөмкелердің ішінде Холанд сыйлаған үлгі болмаса да, бірнеше есе арзан, ұқсас модельдер кездескен.
Айта кетерлігі, Холанд сыйға тартқан сөмкенің құнына Алматыдан 4 бөлмелі пәтер сатып алуға болады.