
Оның жылдық жалақысы 1,3 миллион еуроны құрайды.
Футболдан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Станислав Черчесов Грозный қаласының «Ахмат» клубының тізгінін ұстады. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
61 жастағы маман үш жылдық келісімшартқа қол қойды. Инсайдерлік мәліметтерге сүйенсек, оның жылдық жалақысы 1,3 миллион еуроны құрайды.
«Спорт-Экспресс» басылымының жазуынша, Черчесовқа клубты дамытуға қатысты ауқымды міндеттер жүктеледі, ал команда үшін басты мақсат – турнир кестесінде жоғары нәтижеге қол жеткізу. Клуб құрамын да осы мақсаттарға сай күшейту көзделуде.
Черчесовтың 30 жастағы ұлы кіші Станислав Черчесов те жаттықтырушылар құрамына қосылады. Бұл – оның алғашқы кәсіби жаттықтырушылық тәжірибесі болмақ.
Айта кетейік, бұған дейін «Ахматтың» бас бапкері қызметін Александр Сторожук атқарып келген. Алайда жаңа маусымда өткізген төрт ойында да жеңіліс тапқан соң, бапкер мен оның штабы қызметінен кеткен болатын.
Станислав Черчесов бұған дейін де, нақтырақ айтқанда 2011–2013 жылдары «Ахматта» жұмыс істеген. Ол кезде команда Ресей Премьер-лигасында сегізінші орын алып, клуб тарихындағы ең үздік көрсеткішке қол жеткізген еді.
Еске салсақ, қазіргі таңда Грозныйдың «Ахмат» клубында Қазақстан құрамасының негізгі ойыншыларының бірі – Максим Самородов өнер көрсетіп жүр. 23 жастағы шабуылшы бұған дейін «Ақтөбе» клубында ойнаған болатын.
Станислав Черчесовтың соңғы жұмыс орны – Қазақстан ұлттық құрамасы болды.
Алайда оның басшылығымен команда УЕФА Ұлттар лигасының B дивизионында алты ресми матч өткізіп, бірде-бір гол соқпаған әрі турнир кестесінде бар болғаны бір ғана ұпай жинаған.