
Әлі жас, әр ойын сайын шыңдалып келеді.
Алматының «Қайрат» клубы жанкүйерлер алдында тарихи жеңіске жетуді мақсат етіп отыр. Бұл туралы бас бапкер Рафаэль Уразбахтин алдағы «Селтикке» қарсы ойын қарсаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Команданың дайындығы
Уразбахтиннің айтуынша, «Селтиктің» бұрынғы сапарларының нәтижесі бұл кездесуге әсер етпейді. Сары қағаз алып, матчтан тыс қалған ойыншылардың орнына жаңа футболшыларға мүмкіндік беріледі.
«Бұл өзге жігіттер үшін өзін көрсетуге тамаша мүмкіндік. Олар да команда үшін барын салады»,- деді бапкер.
«Селтикке» баға
«Бұл – бүкіл ел үшін, клуб пен жанкүйерлер үшін үлкен оқиға. «Селтик» — топ-класс команда. Әрбір ойыншысы қауіпті. Біз тек бір футболшыға емес, бүкіл құрамға қарсы дайындаламыз», - деді Уразбахтин.
Ол қарсыласты Глазгодағы матчта «Қайратты» аздап бағаламаған болуы мүмкін екенін атап өтті. Алайда енді олар басқа деңгейде мотивациямен алаңға шығады деп санайды.
Дастан Сәтпаев жайлы пікір
Сондай-ақ, бапкер жас ойыншы Дастан Сәтпаевтың алаңдағы қателігіне байланысты қатты уайымдағанын айтты.
«Ол екі күн ешкіммен сөйлеспей жүрді. Әрине, қатты қиналды. Бірақ біз оны қолдаймыз. Бұл – тәжірибе. Әлі жас, әр ойын сайын шыңдалып келеді. Өмір мұнымен тоқтамайды, дұрыс қорытынды жасап, алға жылжу керек», - деді Рафаэль Уразбахтин.