
УЕФА-ның 4-санат талаптарына сай болады.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа футбол стадионының құрылысы жобасымен танысты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 35 мың көрерменге арналған халықаралық деңгейдегі аренаны салу жұмыстары басталады. Бұл туралы “Алматы” арнасы хабарлады.
Жаңа нысан Құлжа мен Талғар тас жолдарының арасында бой көтермек. Аумағы шамамен 15 гектар жерге көлік-логистикалық хаб та салынады.
Жобалаушылардың мәліметінше, стадион 35 мың көрерменге лайықталып, УЕФА-ның 4-санат талаптарына сай болады. Жоба аясында жаттығу базалары, жанкүйерлерге арналған заманауи аймақтар, қауіпсіздік жүйесі және айналаны абаттандыру қарастырылған.
Әкімнің айтуынша, Алматы өсіп келеді. Қала тұрғындарының спортқа, салауатты өмір салтына деген қызығушылығы күн санап артып отыр. Жаңа стадион спорт пен қаланың инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Сонымен бірге, орталық стадион сақталып, жаңғыртылады. Ол Алматының спорт тарихының ажырамас бөлігі болып қала береді.
Алматы әкімі жобаның жүзеге асырылуы қалалық инфрақұрылымды дамытудың маңызды қадамы болатынын атап өтті. Алматы халқы 2 миллионнан асатын елдің ең ірі мегаполисі. Қала қарқынды өсіп келеді, ал тұрғындардың, әсіресе жастар мен студенттердің спортқа және салауатты өмір салтына деген қызығушылығы артып отыр. Осыған байланысты халықаралық деңгейдегі заманауи аренаның пайда болуы айрықша маңызға ие.
«Өздеріңіз білесіздер, президенттің тапсырмасы бойынша жұмысты жеделдетуіміз керек. Келесі жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау қажет. Болашақта бұл жерде метро стансасы мен Алматының логистикалық хабын салу жоспарланып отыр», – деді әкім Дархан Сатыбалды.
Презентация қорытындысы бойынша қала әкімі көлік қолжетімділігін, автотұрақ орындарын ұйымдастыруды және нысанды қала ортасына кіріктіру мәселелерін пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ Дархан Сатыбалды 65 жылдан астам тарихы бар Орталық стадион сақталып, жеңіл атлетика инфрақұрылымын ескере отырып жаңғыртылатынын, осылайша Алматының спорттық тарихының бір бөлігі болып қала беретінін айтты.