
Себебі соңына дейін ойнағым келді
Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Ғалымжан Кенжебек Уэльспен өткен ойында өзін алмастырған бас бапкер Әли Әлиевтің шешіміне қатысты пікір білдірді. Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеудің бесінші турында құрамамыз Уэльсті қабылдап, 0:1 есебімен жеңіліс тапты.
Ал матч барысында бас бапкер Ғалымжан алмастыру туралы шешім қабылдағанда, футболшыға бұл әрекет ұнамағандай көрінді.
«Сізді алмастырған кезде көңіліңіз түсіп кеткендей көрінді. Реніш болды ма?» – деген сұраққа ойыншы:
«Бұл – бапкердің шешімі. Әрине, эмоция болды, себебі соңына дейін ойнағым келді. Дегенмен Бельгияға қарсы ойында көбірек минут берілетін шығар деп топшыладым», – деп жауап берді.
Сонымен қатар ол алдағы Бельгиямен өтетін кездесуге қатысты да ойын ортаға салды.
«Бельгияға қарсы өте қиын матч болады. Алда тағы екі күн бар, сондықтан тыңғылықты дайындаламыз, бапкердің айтқандарын бұлжытпай орындауымыз қажет. Бәрі алаңда шешіледі», - деді ол федерацияның баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, Уэльспен кездесуден кейін Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына шығу мүмкіндігінен түбегейлі айырылды. Қазіргі таңда команда төртінші орында тұр, ал қоржынымызда небәрі үш ұпай ғана бар.