Алдағы уақытта футбол академиясы салынбақ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласындағы жаңа орталық стадионға барып, ондағы инфрақұрылыммен танысты.
Мемлекет басшысы 11 мың көрерменге арналған футбол аренасын аралап көрді. Биыл қазан айында құрылысы аяқталған заманауи стадион UEFA талаптарына сай IV санатқа сәйкестендірілген. Мұнда халықаралық деңгейдегі футбол матчтарымен қатар, түрлі мәдени іс-шаралар өткізуге мүмкіндік бар.
Кешен құрамында бокс, күрес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика және өзге де спорт түрлеріне арналған залдар орналасқан.
Президент сапар барысында «Қайсар» футбол клубының ойыншыларымен де кездесті.
– «Қайсар» – елімізде алғашқылардың бірі болып жеке меншікке өткен клуб. Алдағы уақытта футбол академиясы салынбақ. Команданың болашағы зор деп сенемін. Баршаңызға табыс тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы естелік ретінде футбол добына қолтаңба қойды.