Ол футболды дамытуға қосқан үлесі үшін Нассер Әл-Хелаифиге алғыс білдірді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пари Сен-Жермен (ПСЖ) клубының президенті, УЕФА Атқарушы комитетінің мүшесі Нассер Әл-Хелаифимен кездесті.
Кездесу барысында мемлекет басшысы елімізде футбол клубтарын жекешелендіру және бәсекелес орта қалыптастыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол футболды дамытуға қосқан үлесі үшін Нассер Әл-Хелаифиге алғыс білдірді.
Сонымен қатар тараптар Қазақстанның Халықаралық падел федерациясымен ынтымақтастығын нығайту мәселесін талқылады. Президент бұл серіктестік елімізде падел спортының дамуына және оның танымалдылығының артуына ықпал ететініне сенім білдірді.
Әл-Хелаифи – Qatar Sports Investments компаниясына толықтай тиесілі «Пари Сен-Жермен» футбол клубының президенті әрі бас атқарушы директоры. Сондай-ақ ол клубтық футболдан әлем чемпионатының ұйымдастыру комитетінің мүшесі. Бұдан бөлек, 2024 жылға дейін Еуропалық клубтар қауымдастығының өкілі ретінде УЕФА Атқару комитетінің құрамына енген.
Әл-Хелаифи Дэвис кубогындағы ең табысты катарлық теннисшілердің бірі саналады. Ол Сұлтан Халфаннан кейінгі екінші орында тұр: оның еншісінде жекелей сында 43 матч (12 жеңіс) және жұптық сында 30 матч (12 жеңіс) бар. 1992-2002 жылдар аралығында жалғасқан спорттық мансабында Әл-ХелаифиATP турнирлеріне қатысқан алғашқы катарлық теннисші болды (1996 жылы «Ролан Гарроста» және 2001 жылы Катарда). 2002 жылдың соңында ол өзінің ең жоғары рейтингі – 995-орынға қол жеткізді.
Нассер аль-Хелаифи 2008 жылдан бері Катар теннис федерациясының президенті, ал 2011 жылдан бастап Батыс Азия бойынша Азия теннис федерациясының вице-президенті қызметін атқарып келеді.
2025 жылы Әл-Хелаифи басқаратын «Пари Сен-Жермен» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының 2024/2025 жылғы маусымында жеңімпаз атанды. Бұл – клуб тарихындағы алғашқы Чемпиондар лигасы трофейі.