Тимур Турлов Қарағандыда үш стадионды қамтитын футбол академиясын салып жатыр
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қазақстандағы ең көне спорт нысандарының бірі – Қарағандыдағы «Шахтёр» стадионының алдағы тағдыры туралы айтты.
Астанада өткен баспасөз брифингінде аймақ басшысы журналистердің сұрақтарына жауап берді. Солардың бірі аталған стадионның қайта жөнделуіне қатысты болды.
Тілшілердің бірі әкімнен:
«Бизнесмен Тимур Турлов жаңа стадион салуды жоспарлап отыр. Ал билік шамамен 2 миллиард теңгені стадионды қайта жаңартуға бөлмек. Бұл жағдайда жөндеу жұмыстарының қажеті бар ма?» – деп сұрады.
Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, Тимур Турлов Қарағандыда үш стадионды қамтитын футбол академиясын салып жатыр. Оның бірі 3,5 мың көрерменге арналған жабық арена болмақ.
«Ескі стадионға келсек, ол 1958 жылы салынған, сондықтан жөндеуді қажет етеді. Қазір біз оның алаңын және ішкі құрылымын жаңартып жатырмыз. Себебі бұл – 20 мың көрерменге арналған арена, Қазақстанда өтетін түрлі чемпионаттарды қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды нысан. Мұндай инфрақұрылым артық етпейді, сондықтан біз оны жөндейміз. Қазір алаңы толық жаңартылды, келесі жылы сыртқы және ішкі инфрақұрылымын реттеуге кірісеміз», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар әкім ауданда 12-15 мың орындық жаңа жабық стадион салу жоспарда бар екенін айтты.
«Бұл нысан 72 гектар аумақта орналасқан спорт кластерінде, футбол академиясының қасында салынады. Қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Осылайша, бізде толыққанды футбол инфрақұрылымы қалыптасады. Кейін ол өз нәтижесін береді», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.