ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым!

Масқара болғанша, футболдан кететін едім - Дінмұхаммед Қашкен

12.11.2025, 21:34

Ол 10-15 миллион теңгемен құрамаға кіру мүмкін емес екенін айтты

Масқара болғанша, футболдан кететін едім - Дінмұхаммед Қашкен
Әлеуметтік желі

Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Дінмұхаммед Қашкен өзіне қатысты айтылған сынға жауап берді. Бұл туралы ол ASnews.kz-ке берген сұхбатында айтты.

Қашкеннің қазан айында ұлттық құрамаға шақыртылғаны көпшіліктің қызу талқысына түскен. Тіпті оны құрамға «ақша беріп кірді» деген әңгіме де әлеуметтік желілерде желдей есті. Қашкеннің өзі бұл сөздердің шындыққа жанаспайтынын алға тартады.

«Жасыратыны жоқ, отбасымыздың жағдайы жаман емес. Бірақ мен үшін ұлттық құраманың абыройын ақшаға сатып алу - өте ұят іс. Дәл өйтіп масқара болғанша карьерамды аяқтағаным жақсы. Менің футболдан бөлек те айналысатын істерім бар, бірақ 
ұлттық құрамада және Еуропада ойнасам деген үлкен арманым бар. Сондықтан мұның бәрі бос сөз», - деді ол.

Кейбір жанкүйерлер оның құрамға ілігу үшін 10-15 миллион теңге төлегенін де жазған еді. Алайда футболшы мұның еш ақылға қонбайтынын айтады.

«10-15 миллион теңгемен құрамаға кіру мүмкін де емес шығар. Айта берсін, әркімнің ойы әртүрлі. Бірақ өз басым ол ақшаны футболға емес, бизнеске салар едім», - деп жауап берді Қашкен.

Ол тіпті «бастапқы құрамдағы орнын да сатып алды» деген қауесетке әзілмен жауап қатты.

«Егер сатып алсам, қосалқы құрамда не үшін отырдым? Одан да бірден 200 миллион төлеп, негізгі құрамнан бастамаймын ба, солай емес пе? Әзіл ғой», - деп күлді футболшы.

Айта кетейік, 25 жастағы қорғаушы өткен маусымды «Ұлытау» сапында бастап, жазда «Жетісуға» ауысқан. Қазан айында ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфинов Қашкенді құрамаға шақырып, оның көрсеткіштері басқа кандидаттардан жоғары болғанын атап өткен еді.

Алайда бапкердің бұл шешімі қызу талқыға түсіп, Қашкеннің құрамада ойнауға деңгейі жетпейтіні айтылды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам