Америкалықтар Швеция құрамасын 5:0 есебімен жеңді
Хоккейден АҚШ-тың әйелдер құрамасы Миланда өтіп жатқан Олимпиада ойындарының алғашқы финалисі атанды. Жартылай финалда америкалықтар Швеция құрамасын 5:0 есебімен жеңді.
Ойын барысында Кайла Барнс (6-минут), Тейлор Хиз (30), Эбби Мерфи (36), Кендалл Койн Скофилд (37) және Хейли Скамурра (38) шайбаны торға енгізіп, басымдықты еселей алды.
АҚШ құрамасы алғашқы матчта Чехияны 5:1 есебімен жеңгеннен кейінгі бес ойында бірде-бір шайба жіберген жоқ. Кейін олар Финляндия, Швейцария, Канада құрамаларын (барлығы 5:0) және Италияны (6:0) қапы қалдырды.
1998 жылдан бері америкалық әйелдер хоккей құрамасы тек 2006 жылы Олимпиада финалына шыға алмаған болатын. Қазір олардың қоржынында екі алтын және төрт күміс медаль бар.
Екінші жартылай финалда Канада мен Швейцария құрамалары кездеседі. Финал 19 ақпанда өтеді.