Арғын Нығматулин 2007 жылдың сәуірінен бастап 2018 жылға дейін «Сарыарқа» хоккей клубының директоры болған.
Мәжіліс кулуарында Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» хоккей клубына бөлінген бюджет қаражатының жымқырылуына қатысты қозғалған іс бойынша мәлімет берді. Оның айтуынша, аталған іс бойынша Арғын Нығматулинге іздеу жарияланған.
Журналистердің сұрағына жауап берген Бас прокурордың орынбасары Арғын Нығматулинге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Арғын Нығматулин бойынша айтарым: иә, дұрыс, Қарағанды облысының хоккей клубына бөлінген қаражатты жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол іздеуде. Біз айналысып жатырмыз. Түркия елінен көмек сұрадық», – деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Белгілі болғандай, Арғын Нығматулин – бұрынғы Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ағасы. Ол ұзақ уақыт бойы «Сарыарқа» хоккей клубын басқарған.
2025 жылдың 3 наурызында Бас прокуратура Арғын Нығматулин мен басқа да тұлғаларға қатысты Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлаған еді.
Айта кетейік, Арғын Нығматулин 2007 жылдың сәуірінен бастап 2018 жылға дейін «Сарыарқа» хоккей клубының директоры болған.
Сотқа дейінгі тергеу барысында ол күдікті деп танылып, сот санкциясымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.
Сонымен қатар, 900 миллион теңгеге бағаланған «Сарыарқа» хоккей клубы мемлекет меншігіне қайтарылғаны белгілі болды. Қазіргі таңда Қарағанды облысының прокуратурасы заңсыз берілген активтерді тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр.