«Барыс» «Шанхай Дрэгонсқа» қарсы сенсациялық камбэк жасады

«Барыс» 4:2 есебімен жеңіске жетті

ХК “Барыс”
ХК “Барыс”

Астананың «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионаты аясындағы сырт алаңдағы кездесуінде «Шанхай Дрэгонс» командасын 4:2 есебімен жеңді. Матч Санкт-Петербургте өтіп, қазақстандық клуб ойын барысында екі шайба айырмасымен ұтылып жатып, жеңіске жетті.

Минскіде өткен матчтағы жеңістен кейін «Барыстың» бапкерлер штабы ойыншылар құрамын өзгертпеді. Кездесудің алғашқы кезеңінде Андрей Шутов қорғаған қақпаға шайба кіріп, астаналықтардың гол жібермеу сериясы үзілді. Владислав Барулин қарсылас қорғаушысынан босап шығып, бір жанасумен дәл соққы жасады.

Екінші кезеңде Бреннан Менелл көк сызықтан бағыттаған соққысымен «Шанхай Дрэгонс» командасының басымдығын екі шайбаға жеткізді. Осыдан кейін «Барыс» шабуылшысы Әлихан Әсетов пен Дживани Смит арасында жұдырықтасу болды. Бұл эпизодтан соң астаналықтар ойын қарқынын үдетіп, қарсыласты бірнеше рет айып алаңына жіберді.

Сан басымдығын тиімді пайдаланған «Барыс» есеп айырмасын қысқартты. Алдымен Тайс Томпсон Джастин Бэйлидің «5-ке 3» форматындағы соққысының бағытын өзгертіп, шайбаны қақпаға бағыттады. Арада небәрі 69 секунд өткенде Томпсон «5-ке 4» форматындағы шабуылды сәтті аяқтап, дубль авторы атанды. Осылайша, есеп 2:2 болды.

Үшінші кезеңде қазақстандық клуб таразы басын өз пайдасына аударды. ҚХЛ-дағы алғашқы шайбасын соққан Асанәлі Сәркенов «Барысты» алға шығарды. Ал матчтың соңғы секундтарында Томпсон қарсыластың бос қақпасына шайба салып, хет-трик жасады. Бұл оның Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы хет-тригі болды.

Осылайша, «Барыс» 4:2 есебімен жеңіске жетіп, сырт алаңдағы сериясын сәтті жалғастырды.

Михаил Кравец шәкірттері келесі кездесуін 4 қарашада Челябі қаласында жергілікті «Трактор» командасына қарсы өткізеді.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам