Бұған дейінгі екі ойында да жерлестеріміз ірі есеппен жеңілген болатын
Хоккейден Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы (U18) Финляндияда өтіп жатқан әлем чемпионатында Чехияны жеңіп, жарыс сенсациясын жасады.
Георгий Верещагин шәкірттері матчтың негізгі бөлігін 3:3 есебімен аяқтаса, овертаймда жеңіс шайбасын соғып, турнирдегі алғашқы ұпайына қол жеткізді.
Ойынның бірінші кезеңінде чех ойыншылары екі гол соғып, суырылып алға шыққан. 14-минутта Онджей Кош есеп ашса, араға екі минут салып Адам Беньяк Қазақстан қақпасына екінші шайбаны соқты. Ал, бірінші кезең аяқталуға санаулы секунд қалғанда Роман Большедворский есепті қысқартып үлгерді.
Екінші кезеңде командалар бір-бір шайбамен алмасты. Алдымен Корнец Корнеев дәл соққысымен көзге түсіп, есепті теңестірген. Алайда, 39-минутта чехтар тағы алға шықты, гол авторы – Адам Йехо.
Үшінші кезең де тартысты өтті деуге болады. Алма-кезек шабуылдар кезінде қазақстандық Алесандр Перкин ұтымды сәтті мүлт жібермей, Чехия қақпасына үшінші шайбаны дарытты. Ал, овертаймда Мстислав Шипилин Қазақстан үшін жеңіс голын соғып, матч нүктесін қойды.
Айта кетейік, бұған дейінгі екі матчта Қазақстан құрамасы алдымен Швейцариядан – 2:5, артынша Швециядан 1:7 есебімен ойсырай жеңілген болатын. Келесі ойынын біздің жерлестер 30 сәуірде Канадаға қарсы өткізеді.