Келесі ойын Словакияға қарсы өтеді
Чехияда басталған шайбалы хоккейден әлем чемпионатынык элиталық дивизионында Қазақстан құрамасы алғашқы матчын сәтті өткізді.
Бүгін Ғалым Мәмбетәлиев шәкірттері Франциямен кездескен. Матчтың 2-минутында француздар есеп ашқан еді. Дегенмен, Қазақстан хоккейшілері таразы басын тез теңестірді. Мергендік танытқан – капитан Роман Старченко. Ал, үзіліске дейін Максим Мухаметов командасын алға шығарды.
Екінші кезеңде Кирилл Савицкий есепті 3:1-ге жеткізген. Матч осы есеппен аяқталды.
Осылайша, Қазақстан алғашқы ойынын жеңіспен бастап отыр. Ертең біздің құрама Словакиямен кездеседі.
Айта кетейік, әлем чемпионаты 10-26 мамыр аралығында Чехияның Прага және Острава қалаларында өтеді.
Қазақстан құрамасы В тобында Франция, Словакия, Латвия, Швеция, Германия, АҚШ және Польшамен сынға түседі.