Ол бұған дейін «Снежные Барсы» командасында ойнаған
Шайбалы хоккейден Қазақстан жасөспірімдер құрамасының шабуылшысы Асанәлі Сәркенов мансабын Солтүстік Америкада жалғастыратын болды. Ол Американың «Спокан Чифс» командасына ауысты.
Клуб Батыс хоккей лигасында (WHL) өнер көрсетеді.
18 жастағы ойыншы бұған дейін Финляндияда өткен әлем чемпионатына қатысқан. Ол топтық кезеңде 5 (4+1) ұпай жинап, үздік бомбардир атанған болатын. Турнирде Канада қақпасына хет-трик жасағанын ерекше айта кетуге болады.
Былтырғы маусымда Асанәлі Сәркенов «Снежные Барсы» командасында ойнаған. Жастар хоккей лигасында 48 матч өткізіп, 8 (5+3) ұпай жинады.