23 қазанда Мәмбетәлиев шәкірттері «Сібірге» қонаққа барады
«Барыс» хоккей клубы бапкер ауыстырып, құрамын легионерлерден тазартқаннан кейін алғашқы жеңісіне жетті. Минскке қонаққа барған астаналықтар бірінші кезеңде жеңіліп тұрғанымен, матч соңына дейін екі шайба соғып, керемет камбэк жасай білді.
Еске салайық, екінші маусым қатарынан сәтсіз өнер көрсеткен «Барыстың» бас директоры жуырда ғана отставкаға кеткен болатын. Оның орнына клубты бұрын басқарған Нұрлан Оразбаев тағайындалды. Ал, бас бапкер қызметіне келген Ғалым Мәмбетәлиев командадағы бірнеше легионермен қош айтысып, бүгінгі ойынға жергілікті ойыншыларды көптеп шығарды.
Матч астаналықтардың жеңісімен аяқталғанымен, үш кезеңнің бәрінде айдын иелері толассыз шабуылдады. Ойынның бірінші бөлігінде «Динамо» сапынан Тирни есеп ашқан. 35-минутта Өмірбеков таразы басын теңестірді. Ал, матч аяқталуға небәрі 30 секунд қалғанда Кирилл Панюков «Барыстың» жеңіс шайбасын соқты.
Енді 23 қазанда Мәмбетәлиев шәкірттері «Сібірге» қонаққа барады.