Бұл жолы астаналықтар қарсылас қақпасына бірде-бір гол соға алмады
Құрлықтық хоккей лигасының кезекті туры астаналық «Барыс» үшін тағы да жеңіліспен аяқталды. Бұл жолы Новосибриск қаласына қонаққа барған Ғалым Мәмбетәлиев шәкірттері жергілікті «Сибирьге» 0:2 есебімен есе жіберді.
Биылғы маусым басталғалы сүреңсіз ойнап, үш бірдей бапкер ауыстырып үлгерген «Барысқа» дәл қазір ешқандай фактор көмектеспей жатыр. Олар аталған матчқа аутсайдер ретінде келді.
«Сибирь» бірінші кезеңде – бір, екінші кезеңде тағы бір шайба соғып, үшінші кезеңді голсыз аяқтады. Астаналық хоккейшілер болса гол соғу былай тұрсын, қарсылас қақпасына қауіпті шабуылдарды да өте сирек ұйымдастырды.
Осылайша, 31 ойынның небәрі алтауында ғана жеңіске жеткен «Барыс» «Шығыс» дивизионында 11-орында келеді (12 команда ішінен). Мәмбетәлиев шәкірттері соңғы үш матчта жеңілген. Келесі матчты олар сырт алаңда «Металлургке» қарсы өткізеді.