Келесі матчта астаналықтар «Сібірге» қонаққа барады
ҚХЛ-дың кезекті туры аясында Омбының «Авангардын» қабылдаған «Барыс» овертаймда жеңіліп қалды. Екі кезең бойы алда тұрған астаналық команда соңғы кезеңде өз қақпасына екі шайба жіберіп, қолда тұрған жеңісті уыстан шығарып алды.
Бірінші кезеңде Иван Николишин айдын иелерін алға шығарған. Екінші кезеңде Әділ Бекетаев есепті еселеді. Дегенмен, «Барыс» ойыншыларының босаңсығанын пайдаланған омбылықтар үшінші кезеңде қатарынан екі гол соғып, есепті теңестірді. Екі шайба да Прохоркиннің еншісінде.
Ал, овертаймда «Авангрдтың» мерейі үстем болды. 62-минутта Касселс жеңіс шайбасын соғып, матчтағы нүктені қойды.
Осылайша қатарынан екі матчта жеңілген Мәмбетәлиев шәкірттері плей-офф зонасына кіру мүмкіндігінен алыстай түсті. 27 қарашада астаналықтар «Сібірге» қонаққа барады.