
Келесі матчты Қазақстан құрамасы Жапонияға қарсы өткізеді
Харбинде (Қытай) өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында қатарынан үш матчта жеңіске жеткен Қазақстан хоккейшілерін ҰОК президенті, даңқты боксшы Геннадий Головкин жеке құттықтады.
Айта кетейік, 6 ақпанда Олег Болякин шәкірттері Тайвань құрамасын 17:0 есебімен жеңген болатын. Бұған дейінгі екі матчта да біздің елдің командасы Таиланд пен Қытайды ірі есеппен тізе бүктірген.
Осы жетістіктен кейін Головкин хоккейшілерді киім ауыстыру бөлмесіне кіріп келіп құттықтады. Сондай-ақ, алда болатын маңызды ойындарда жеңіс үшін аянып қалмау керектігін айтты.
Қазір Қазақстан құрамасы үш ойыннан 9 ұпай жинап көш бастап келеді. Екінші орындағы Жапония болса екі матч өткізіп, екеуінде де жеңген. Келесі ойынды олар 8 ақпанда Қазақстанға қарсы өткізеді. Ал, үшінші сатыда екі ойында 5 ұпай жинаған Оңтүстік Корея хоккейшілері тұр.
7 ақпанда жалауы көтерілген IX қысқы Азия ойындары 14 ақпанда мәресіне жетеді.