Ерсін Ерік «Реалды» қор қылды. Тауық сойса да қасап сойсын. Саусақ пен тіл үйлескенде…

«Бір аяғы татамиде қалып қойды». Дамир Исмағұлов жекпе-жекте ауыр жарақат алды

18.12.2025, 11:03

Көп жағдайда оңалту 6 айдан 12 айға дейін созылады

«Бір аяғы татамиде қалып қойды». Дамир Исмағұлов жекпе-жекте ауыр жарақат алды
ФОТО: Getty Images

Аралас жекпе-жек шебері, UFC-дің бұрынғы файтері Дамир Исмағұлов Мәскеуде (Ресей) өткен ACBJJ 20 турнирінде ауыр жарақат алды.

18 желтоқсанға қараған түні өткен жарыста этникалық қазақ, Ресей атынан өнер көрсететін Дамир Исмағұлов пен бразилиялық файтер Глейсон Тибау татамиде жолықты. Айта кетейік, қос спортшы да бұған дейін UFC-де өнер көрсеткен.

Жекпе-жек бетпе-бет соққысыз, жауынгерлік джиу-джитсу ережесімен өтті. Бастапқыда қарсыластар тең дәрежеде өнер көрсетті. Алайда алғашқы партерге ауысу сәтінде жағдай күрт өзгерді. Тибау Исмағұловты көтеріп, алып құлатуға әрекет жасаған кезде қазақстандық файтердің бір аяғы татамиде қалып қойды. Соның салдарынан оң тізесі қатты қисайып, ауыр жарақат алды.

Жерге түсе салысымен Исмағұлов қарсыласының иығынан қағып, берілгенін білдірді. Ол татамиден өздігінен тұра алмады, дәрігерлер спортшыны зембілмен алып шықты. Осылайша жекпе-жекті жалғастыру мүмкін болмағандықтан, жеңіс Глейсон Тибаудың еншісіне жазылды.

Жарақаттың сипатына қарай дәрігерлер Дамир Исмағұловтың тізе аймағындағы айқас байламы (крестообразная связка) үзілуі мүмкін екенін айтады.

Tengri Sport тілшісі спорт дәрігері Александр Корниловпен тілдесіп, мұндай жарақаттан кейінгі қалпына келу процесі өте күрделі екенін жеткізді.

«Бұл өте ауқымды мәселе. Кейбір сирек жағдайда спортшы 3-4 айда қалпына келуі мүмкін, бірақ бұл – ерекше жағдай. Көп жағдайда оңалту 6 айдан 12 айға дейін созылады. Барлығы ағзаның ерекшелігіне, хирургтің біліктілігіне және реабилитацияның дұрыс жүргізілуіне байланысты», – деді маман.

Оның айтуынша, кәсіби спортшылар үшін оңалту міндетті түрде арнайы реабилитологтың бақылауымен өтуі тиіс.

Айта кетейік, аталған турнирдің басты кардында UFC-дің қазіргі спортшылары да өнер көрсетті. Сондай-ақ жарысқа қазақстандық файтерлер қатысып, олардың бірі Қуат Хамитов экс-UFC жауынгері Рашид Магомедовты төрешілер шешімімен жеңді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам