Ол UFC-дегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Жартылай ауыр салмақтағы қазақстандық файтер Дияр Нұрғожай UFC-дегі алғашқы жеңісіне қол жеткізгеннен кейінгі әсерін бөлісті.
Қазақ спортшысы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен UFC 326 турнирінде бразилиялық Рафаэл Тобиаспен (14-2) кездесті. Үш раундқа созылған тартысты жекпе-жек қорытындысында төрешілердің ортақ шешемімен Нұрғожай жеңіске жетті.
Жекпе-жектен кейін қазақстандық спортшы UFC арнасына берген сұхбатында бұл жеңістің өзі үшін ерекше маңызға ие екенін айтты.
«Осы жолда менімен бірге болған адамдар бар. Шынын айтқанда, Қазақстандағы жанкүйерлердің көбісі маған сенген жоқ, «ол UFC-де ештеңе істей алмайды» деп менен үмітін үзді. Сөйте тұра маған сенген жандар да болды: анам, жұбайым, қарындасым қай кезде де жанымнан табылды. Жақын адамдарың қиындықта да, қуанышта да бірге болатынын түсіндім», - деді Дияр Нұрғожай.
Нұрғожай әлемдегі ең беделді ММА ұйымында алғаш рет жеңіске жетті. Бұған дейін ол екі жекпе-жекте жеңіліс тапқан. Қазақстандық файтер UFC-дегі дебютін 2025 жылдың наурыз айында өткізіп, бразилиялық Брендсон Рибейроға екінші раундта есе жіберген. Ал сол жылдың тамыз айында қырғызстандық Уран Сатыбалдиевке шамасы жетпеді.
Ал ММА-дегі мансабында Дияр Нұрғожай 11 жеңіске қол жеткізді. Ал Рафаэл Тобиас үшін бұл кездесу кәсіби мансабындағы 14 жеңістен кейінгі екінші жеңіліс болды.