Спортшы жекпе-жек бокс ережесі бойынша, бірақ ММА қолғаптарымен өтуі мүмкін екенін айтты
Қырғызстандық ММА файтері Марсель Нұрланбекұлы қазақстандық бокс жаттықтырушысы әрі спортшы Мұхит Амантаевтың жекпе-жекке шақыруын қабылдады.
Марсельдің айтуынша, оған түрлі деңгейдегі спортшылардан көптеген шақыру түсіп жатыр. Дегенмен, олардың арасында ол Мұхит Амантаевты лайықты қарсылас деп санайды.
«Маған көп шақыру келеді. Арасында кәсіби спортшылар да, жай ғана хайп қуған «клоундар» да бар. Солардың ішінде Мұхит ағамызды лайықты қарсылас деп ойлаймын. Егер лига ұйымдастырса, жекпе-жек өткізуге дайынмын», – деді ол.
Спортшы жекпе-жек бокс ережесі бойынша, бірақ ММА қолғаптарымен өтуі мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар, өзінің негізгі базасы күрес екенін де жасырмады.
Марсель екі ел арасындағы достыққа да ерекше тоқталды:
«Қазақ пен қырғыз – бауырлас халықтар. Сондықтан бұл тек спорттық бәсеке болады. Жекпе-жек ұйымдастырылса, көрермендерге қызықты шоу көрсетеміз», – деді файтер.
Айта кетейік, бұған дейін Мұхит Амантаев әлеуметтік желіде видео жариялап, Марсельді жекпе-жекке ресми түрде шақырған болатын. Ол қарсыласынан қорықпайтынын айтып, мүмкін болатын кездесудің жарқын шоуға айналатынын мәлімдеді.
Еске салсақ, 28 наурыз күні Арменияның Ереван қаласында өткен Hype FC турнирінде Марсель Нұрланбекұлы мен Еркебұлан Тоқтар арасында үш раундтық жекпе-жек өтті. Бокс ережесімен, ММА қолғаптарымен өткен кездесуде қырғызстандық спортшы төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.