Кездесу Ереванда өткен еді.
Қазақстандық файтер Еркебұлан Тоқтар әлеуметтік желілерде өзіне бағытталған айыптауларға қатысты мәлімдеме жасап, тараған қауесеттерге жауап берді.
Спортшының айтуынша, демалыс сәтінен жариялаған видеодан кейін желі қолданушылары оның Марсель Нурланбек уулуға қарсы жекпе-жекті «сатып жіберді» деп пікір қалдыра бастаған. Әсіресе жұрт арасында «жекпе-жекті 400 миллион теңгеге сатты» деген ақпарат кеңінен тараған.
«Біреулер «жеңісіңді букмекерлерге саттың, арыңды, намысыңды саттың, 400 миллион теңге алып, енді демалып жүрсің» деп жазып жатыр екен. Бұл сома қайдан шықты өзі?» – деп пікір білдірді Тоқтар.
Ол көпшілікті негізсіз ақпаратқа сенбеуге және жалған әңгімелер таратпауға шақырды.
«Біз «Реал Мадрид» те, «ПСЖ» да, Конор Макгрегор да емеспіз. Бізге ешкім миллиондап ақша тікпейді», – деді спортшы.
Еркебұлан Тоқтардың сөзінше, мұндай жекпе-жектердегі қаржы айналымы әлдеқайда аз, сондықтан жүздеген миллион теңге туралы әңгіме шындыққа жанаспайды.
Айта кетейік, Еркебұлан Тоқтар мен Марсель Нурланбек уулу арасындағы жекпе-жек 27 наурыз күні Еревандағы Hype FC турнирінде өтті. Бокс ережесімен, бірақ ММА қолғаптарымен өткен кездесуде төрешілер қырғыз спортшысының қолын көтерді.