Саламат Исбулаев экс-чемпион Маккимен айқасады
Қазақстандық ММА шебері Саламат Исбулаев PFL лигасында басты жекпе-жекке шығады.
27 маусым күні Professional Fighters League турнирі аясында Сан-Диего қаласында өтетін кештің негізгі айқасында Исбулаев Bellator-дың бұрынғы чемпионы, америкалық Эй-Джей Маккимен кездеседі. Жекпе-жек жартылай жеңіл салмақта өтеді. Қазақстан уақыты бойынша турнир 28 маусымға қараған түні басталады.
Бұл айқас Исбулаев үшін PFL-дегі екінші кездесу болмақ. Ол ақпан айында Дубайда өткен турнирде жарқын дебют жасап, перулік экс-чемпион Хесус Пинедоны бірінші раундта нокаутқа түсірген еді.
Ал Эй-Джей Макки соңғы жекпе-жегін наурыз айында Мадрид қаласында өткізіп, венгриялық Адам Боричті төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді.