Қырғызстандық MMA файтері Медет Жээналиев суға батқан қызды құтқарамын деп, өзі ажал құшты. Оқиға 12 мамырда Ыстықкөлде болған.
Марқұм 30 жаста еді. 24.kg басылымының хабарлауынша, оқиға болған күні көлде биік толқын көтерілген. Шомылып жүрген екі оқушының батып бара жатқанын көрген Медет жанындағы досымен бірге суға бас салып, оларды құтқармақ болған. Қыздар құтқарылды. Алайда, спортшының өзі судан шыға алмай көз жұмды.
«Тексеру барысында кәмелетке толмаған төрт қыздың көлде демалған және олардың бірі шомылу кезінде суға ағып кеткені анықталды. М.Ж. есімді азамат оны құтқарғанымен, өзі судан шыға алмай қалған. Құтқарушылар оның мәйітін келер күні таңертең ғана су астынан алып шықты», - делінген kaktus.media басылымы таратқан ақпаратта.
Медет Жээналиев MMA спортымен кәсіби түрде 2017-2019 жылдар аралығында айналысты. Ол октагонда төрт жекпе-жек өткізіп, оның екеуінде жеңіске жеткен.