Қазақстан UFC турнирін қабылдау мүмкіндігінен айырылуы мүмкін
Қазақстан UFC ұйымының Орталық Азиядағы алғашқы турнирін өткізу мүмкіндігін жіберіп алуы ықтимал. Бұл туралы Meta-ratings.kz порталы хабарлады.
Дереккөз мәліметінше, UFC басшылығы келесі жылы Қазақстанда алғаш рет турнир ұйымдастыру мәселесін қарастырған. Жоба Туризм және спорт министрлігі деңгейінде талқыланып, тараптар жарысты өткізуге қатысты негізгі шарттар мен қаржылық мәселелер бойынша келісімге келген.
Алайда келіссөздер соңғы кезеңге жеткенімен, ресми келісімшартқа қол қою жүзеге аспаған. Соның салдарынан жоба уақытша тоқтатылған.
Ал 21 маусым күні UFC-дің Орталық Азиядағы алғашқы турнирін қабылдауы мүмкін ел ретінде Өзбекстанның қарастырылып жатқаны белгілі болды. UFC президенті Дана Уайт АҚШ-та Өзбекстан Ұлттық олимпиада комитеті төрағасының бірінші орынбасары Отабек Умаровпен кездесу өткізіп, республика аумағында UFC турнирі мен Zuffa Boxing бокс кешін ұйымдастыру мүмкіндігін талқылаған.
Егер тараптар келісімге келсе, Өзбекстан Орталық Азия тарихында UFC турнирін қабылдаған алғашқы мемлекет атануы мүмкін. Осылайша, Қазақстан әлемдегі ең ірі аралас жекпе-жек ұйымының жарысын өткізуде көрші елге жол беруі ықтимал.