Танымал файтер болашағына қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстандық танымал аралас жекпе-жек шебері, Oktagon лигасының чемпионы Жалғас Жұмағұлов спорттық мансабын аяқтау мүмкіндігі туралы пікір білдірді.
Танымал файтер әлеуметтік желідегі парақшасында UFC ұйымына қайта оралуды қалайтынын айтты.
«Мен UFC-де болдым. Қайтадан шыңға көтеріліп, үздіктер қатарында екенімді дәлелдедім. Егер UFC-ге оралу тағдырымда болмаса, онда мансабымды аяқтау туралы шындап ойланамын. Өкінбеймін. Бұл спортқа барымды бердім», – деп жазды Жұмағұлов.
Еске салайық, жуырда Братислава қаласында өткен Oktagon турнирінде Жұмағұлов бразилиялық Игор Севериномен кездескен болатын. Қазақстандық спортшы екінші чемпиондық белбеуін жеңіп алуды көздеген еді.
Алайда жекпе-жек екінші раундта мерзімінен бұрын тоқтатылды. Себебі Северино қарсыласына тыйым салынған соққы жасап, Жұмағұловты шап тұсынан ұрған. Осыған байланысты кездесу нәтижесі жарамсыз деп танылды.