Аралас жекпе-жек аяқта тұрып төбелесу форматында ұйымдастырылып отыр, яғни файтерлер партерде күресе алмайды
Бүгін – 4 шілдеде Алматыда жанкүйерлер асыға күткен MMA кеші өтеді. IBA Nomad 15 турнирінде қазақстандық файтерлер әлемнің түрлі елінен келген «жауынгерлермен» ашық айқасқа түседі деп күтілуде.
Аралас жекпе-жек аяқта тұрып төбелесу форматында ұйымдастырылып отыр, яғни файтерлер партерде күресе алмайды. Бұл күні барлығы 14 жұп октагонға шығып, өзара мықтыны анықтамақ.
Турнирдің ең қызықты жекпе-жегі Еркебұлан Тоқтар мен ресейлік Артем Тарасов арасында өтеді деп күтілуде. Бұған дейінгі салмақ өлшеу және көз түйістіру рәсімдері кезінде қос файтер бір-біріне қол жұмсап, рингте аяушылық болмайтынын айтқан еді.
Жекпе-жектерді тікелей эфирде лиганың YouTube-каналынан тамашалауға болады. Турнир Астана уақытымен 17:00-де басталады.
Тоқтар мен Тарасовтан бөлек бұл күні қазақстандық Арман Ашимов пен америкалық Джефф Молина да төбелеседі. Соңғысы бұған дейін UFC-де ұзақ уақыт бағын сынаған. Сондай-ақ, Жұман Жұмабеков те UFC-дің бұрынғы жұлдызы Диего Брандаомен жекпе-жекке шығады деп күтілуде.