ҚПЛ 20-тур: Ордабасы көшбасшы болды. Ақтөбе қазақ бапкерлерге неге сенбейді? Қайрат ЛЧ-ге дайын

Шавкат Рахмонов Махачевпен айқастың қалай өтетінін болжады

Бүгін, 17:02

Рахмонов Махачевпен жекпе-жекке дайын екенін мәлімдеді

Шавкат Рахмонов Махачевпен айқастың қалай өтетінін болжады
Әлеуметтік желі

Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов жартылай орта салмақтағы чемпион Ислам Махачевпен ықтимал жекпе-жек туралы пікір білдірді. «Номад» ресейлік спортшыға дивизиондағы ең қиын қарсылас өзі болатынына сенімді. Бұл туралы Рахмонов ALF Global арнасына берген сұхбатта айтты.

Рахмоновтың сөзінше, оның жеңіліссіз келе жатқаны кездейсоқ емес. Қазақстандық файтер тұрыста да, партерде де, клинчте де еркін айқаса алатынын басты артықшылығы санайды.

«Ислам өзіне ыңғайлы қарсылас іздеп жүрген болуы мүмкін. Ал мен — ол үшін дивизиондағы ең ыңғайсыз әрі қиын қарсыласпын. Жеңіліссіз келе жатқаным жайдан-жай емес. Мұндай мүмкіндікті жібермеймін», — деді Шавкат.

Қазақстандық спортшы ықтимал жекпе-жекте Махачевтің күреске басымдық беріп, кездесуді партерге ауыстыруға тырысатынын болжап отыр. Алайда ол қарсыласының бұл жоспарына дайын екенін жеткізді.

«Біздің жекпе-жек өте бәсекелі өтеді. Ислам әдеттегідей мені партерге аударып, күресуге тырысады. Бірақ мен оның тейкдаундарына да, ұсынатын өзге әрекеттеріне де дайын боламын. Мен тұрыста, партерде және клинчте төбелесе аламын. Сондықтан Махачев үшін өте қауіпті қарсыласпын. Ислам мұны өзі де түсінеді деп ойлаймын», — деді Рахмонов.

Махачев жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін босатқаннан кейін жартылай орта дивизионға көтерілді. Кейін осы салмақта UFC чемпионы атанып, титулын Иэн Мачадо Гэрриге қарсы кездесуде сәтті қорғады.

Шавкаттың соңғы қарсыласы да Иэн Гэрри болған. 2024 жылғы желтоқсанда өткен UFC 310 турнирінде қазақстандық файтер ирландиялықты бес раунд қорытындысы бойынша жеңді. Бұл оның мансабындағы төрешілер шешімімен аяқталған алғашқы кездесуі еді.

Рахмоновтың еншісінде 19 жеңіс бар және ол әлі жеңіліп көрмеген. Алайда тізесіндегі жарақатына байланысты ұзақ уақыттан бері октагонға шыққан жоқ. Қазір спортшы оңалту кезеңінен өтіп жатыр.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам