Екі спортшы бұған дейін RAF лигасында Арман Царукянмен белдескен
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов UFC-дің бұрынғы уақытша чемпионы Тони Фергюсонмен кездесуге дайын екенін мәлімдеді.
Хамитовтың айтуынша, қарсыластар RAF лигасында грэпплинг ережесі бойынша белдесуі мүмкін. Ұйым президенті де бұл жекпе-жекті өткізу идеясына оң көзқарас білдірген.
Алайда Фергюсонның қазір кәсіпқой бокста бірнеше кездесуі жоспарланғандықтан, тараптар нақты келіссөзге кірісе алмай отыр.
«Егер ұсыныс түссе, Тони Фергюсонмен RAF-та белдесуге дайынмын. Nomad немесе IBA Nomad жалаң жұдырықпен жекпе-жек ұсынса да, қуана қабылдаймын. Бұл жерде таза спорттық қызығушылық бар. Әлемдік аңыз бен ТМД аңызының кездесуі маған қызық болар еді», — деді Хамитов.
Екі спортшы бұған дейін RAF лигасында Арман Царукянмен белдескен. Фергюсон маусым айында америкалық Сент-Луисте өткен RAF 10 турнирінде Царукянға 0:10 есебімен жеңілді.
Хамитов шілдеде Тбилисиде ұйымдастырылған RAF 11 жарысында армениялық спортшыдан 0:11 есебімен ұтылды. Екі кездесу де Царукянның техникалық басымдығына байланысты мерзімінен бұрын аяқталған.
Әзірге Хамитов пен Фергюсон арасындағы жекпе-жекке қатысты ресми ұсыныс жасалған жоқ.