Кездесу 21 қарашада Катарда өтетін UFC турнирі аясында ұйымдастырылады
Қазақстандық жеңіл салмақтағы файтер Асу Алмабаев (24-3) келесі жекпе-жегін Жапония өкілі Кёдзи Хоригучиге (36-6) қарсы өткізеді.
Кездесу 21 қарашада Катарда өтетін UFC турнирі аясында ұйымдастырылады. Промоушен Эр-Райян қаласындағы Али бин Хамад Аль-Аттия атындағы аренада турнир өтетінін ресми растаған. Алайда әзірге кештің жекпе-жектер тізімі толық жарияланған жоқ.
Асу Алмабаев UFC-дің жеңіл салмақтағы ресми рейтингінде бесінші орында тұр. Ал Кёдзи Хоригучи сегізінші сатыда орналасқан. Жапониялық файтер бұған дейін UFC чемпионы атағы үшін Деметриус Джонсонмен октагонға шыққан.
Қазақстандық спортшы соңғы жекпе-жегін 27 маусымда америкалық Чарльз Джонсонға қарсы өткізіп, үшінші раундта аяққа жасалған сирек кездесетін ауырту әдісімен жеңіске жетті. Бұл Алмабаевтың қатарынан үшінші жеңісі және UFC-дегі жетінші жеңісі болды. Ол промоушен аясында өткізген сегіз жекпе-жектің жетеуінде жеңіске жеткен.
Бұған дейін Алмабаев Алекс Пересті мерзімінен бұрын жеңсе, Хосе Очоаны төрешілер шешімімен ұтқан. Ал Кёдзи Хоригучи октагонға соңғы рет 20 маусымда шықты. Жапониялық файтер Мануэль Капеден үшінші раундта нокаутпен жеңіліп қалды.
Оған дейін Хоригучи қатарынан екі жеңіске жеткен. Ол Амир Альбазиді төрешілердің бірауызды шешімімен, ал Тагир Уланбековті тұншықтыру әдісімен жеңген.