Пономаревтің өліміне қан тамырындағы тромбтың үзілуі себеп болған
Аралас жекпе-жектен Fight Nights промоушенінің ауыр салмақтағы бұрынғы чемпионы Григорий Пономарев 31 жасында қайтыс болды.
Ресейлік спортшының қазасы туралы Fight Nights ұйымының баспасөз қызметі хабарлады. Кейін оның өлімінің мән-жайын бұрынғы ММА файтері Максим Дивнич айтты.
Бұрынғы ММА файтері Максим Дивничтің айтуынша, Пономаревтің өліміне қан тамырындағы тромбтың үзілуі себеп болған. Оның сөзінше, спортшы бұған дейін тізесінен ауыр жарақат алып, қабыну үдерісінен емделген.
«Гришаның туыстарымен сөйлестім. Расында, қан тамырындағы тромб үзіліп кеткен. Оның аяғынан, соның ішінде тізесінен жарақаты болған. Соған байланысты қабыну үдерісі жүрген. Сонымен қатар ангинамен ауырған. Жағдайы ауыр болған. Кейін тромб үзіліп кеткен», – деді Дивнич әлеуметтік желідегі жазбасында.
Кемерово қаласының тумасы Григорий Пономарев кәсіпқой ММА-дағы алғашқы жекпе-жегін 2020 жылы өткізді. Ол мансабында барлығы тоғыз кездесу өткізіп, алтауында жеңіске жетті, үш рет жеңілді.
2022 жылдың қазанында Пономарев Юсуп Шуаевты реваншта жеңіп, Fight Nights ұйымының ауыр салмақтағы чемпионы атанды. 2023 жылдың наурызында ол Шуаевпен үшінші рет кездесіп, чемпиондық атағын қорғады.
Осыдан кейін Пономарев ACA лигасымен келісімшартқа отырды. Алайда 2023 жылдың тамызында Мухумат Вахаевқа қарсы жекпе-жекте тізесінен ауыр жарақат алды. Осы жарақаттан кейін ол кәсіби ММА-да қайта өнер көрсеткен жоқ.
Пономарев 2021 жылы регбимен де айналысып, Новокузнецктің «Металлург» командасында өнер көрсетті.