28 жастағы Гэрри соңғы жекпе-жегін чемпион Ислам Махачевке қарсы өткізген
UFC ирландиялық Иэн Мачадо Гэрри (17-2) мен украиналық Ярослав Амосов (30-1) арасындағы жекпе-жекті ресми түрде жариялады. Екі спортшы да жартылай орта салмақта өнер көрсетеді.
Жекпе-жек 5 желтоқсанда Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін UFC Fight Night турнирінің аясында ұйымдастырылады. Бес раундқа жоспарланған кездесу кештің екінші басты жекпе-жегі болады. Бұл туралы UFC ұйымы Instagram желісіндегі ресми парақшасында хабарлады.
Кештің басты кездесуінде орта салмақтағы бұрынғы чемпион Исраэль Адесанья (24-6) ресейлік Шарабутдин Магомедовпен (17-1), яғни «Шара Буллетпен» жұдырықтасады.
28 жастағы Гэрри UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде бірінші орында тұр. Ирландиялық соңғы жекпе-жегін 15 тамызда өткізіп, чемпион Ислам Махачевке (29-1) бес раундтық титулдық кездесуде төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен есе жіберді. Бұған дейін ол бразилиялық Карлос Пратес пен америкалық Белал Мұхаммедті жеңген болатын.
Ал 33 жастағы Амосов UFC рейтингінде 11-сатыда орналасқан. Bellator ұйымының бұрынғы чемпионы әлемдегі ең ірі ММА промоушеніндегі дебютін 2025 жылдың желтоқсанында өткізіп, америкалық Нил Магниді бірінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңді. 2026 жылдың мамырында украиналық файтер испаниялық Хоэль Альваресті екінші раундта берілуге мәжбүр етті.
Айта кетейік, Иэн Гэрри қазақстандық жанкүйерлерге Шавкат Рахмоновпен өткен жекпе-жегі арқылы жақсы таныс. Екі спортшы 2024 жылғы 7 желтоқсанда Лас-Вегастағы UFC 310 турнирінде кездескен. Сол жолы Рахмонов бес раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетіп, Гэрриге кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісін тіркетті. Содан бері қазақстандық файтер денсаулығына байланысты октагонға шыққан жоқ.