Шавкат Рахмонов октагонға соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында шықты
Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмоновтың (19-0) командасы спортшының қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді. Dar Pro Team өкілдері желіде тараған ақпаратқа сенбеуге шақырды.
«Шавкат Рахмоновтың жағдайы жақсы, бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр! Интернеттегі жалған ақпаратқа сенбеңіздер», – деп мәлімдеді файтердің командасы.
Бұған дейін Рахмонов X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жаттығу барысы туралы жазба жариялаған болатын.
«Тағы бір ауыр жаттығу аптасы аяқталды. Күн сайын күшейіп келемін», – деп жазды спортшы.
Алайда бұған дейін БАҚ-та қазақстандық файтердің тізесіне қатысты мәселесі әлі де бар екені туралы ақпарат тараған еді.
Шавкат Рахмонов октагонға соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында шықты. Сол кездесуде ол ирландиялық Иэн Гэрриді (17-2) төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген.