Грузиялық спортшы бұл туралы журналист Ариэль Хельванимен бірге жүргізген подкастта айтты
UFC-дің аса жеңіл салмақтағы грузиялық файтері Мераб Двалишвили 11 қарашада БАӘ-нің Әбу-Даби қаласында болған жаппай төбелестен кейін ұсталған Умар мен Усман Нурмагомедовтердің босатылғаны туралы мәліметке қатысты пікір білдірді.
Грузиялық спортшы бұл туралы журналист Ариэль Хельванимен бірге жүргізген подкастта айтты. Оның сөзінше, Нурмагомедовтердің бостандыққа шыққаны туралы ақпаратты танысынан естіген. Сондай-ақ ол Хабиб Нурмагомедовтің Дубайда жүрген сәтінен түсірілген суретті көргенін жеткізді.
«Оларды бүгін босатқанын естідім», – деді Двалишвили.
Подкаст барысында журналист алғашқы топтағы файтерлердің бір күн бұрын, ал Усман мен қалған спортшылардың бүгін босатылғаны туралы ақпарат тарағанын айтты. Бұған қатысты грузиялық спортшы бұл мәліметті өзі де естігенін растады.
«Бүгін бір адаммен сөйлестім. Ол да осы ақпаратты айтты. Сонымен қатар Хабибтің Дубайда жүрген суретін көрдім. Ол оларға көмектесе алады деп үміттенемін», – деді файтер.
Журналистің айтуынша, Хабиб Нурмагомедов келіссөз жүргізу үшін БАӘ-ге баруға мәжбүр болған. Сондай-ақ тараптар бұл оқиғаны сұхбаттарда немесе әлеуметтік желілерде жария талқыламауға келіскен.
«Егер оларды босатса, мен қатты қуанар едім», – деп түйіндеді Двалишвили.
Оқиға 11 қарашада болған. Жеңіліп көрмеген PFL чемпионы Усман Нурмагомедов сұхбат беріп тұрған Мераб Двалишвилиге жақындап, оның бетінен шапалақпен ұрған. Осыдан кейін грузиялық файтер, оның досы Саба Лазишвили, Усман Нурмагомедов және оның жаттығу залындағы серіктестері арасында жаппай төбелес басталған. Оқиғадан кейін жанжалға қатысқандардың барлығы ұсталған.
Усман Нурмагомедов PFL ұйымындағы өнерімен танымал. Қазіргі уақытта ол еркін агент саналады.
Айта кетейік, Усман Нурмагомедов UFC Даңқ залының мүшесі Хабиб Нурмагомедовке үш атадан қосылатын туыс болса, Умар Нурмагомедовтің туған ағасы. Умар да Мераб Двалишвили секілді UFC-дің аса жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.