ЖБ Шоу! #3 Жаңа шығарылым!

«Тойған» секілді. Қазақстандық спортшы Қуат Хамитовті сынға алды

12.05.2024, 16:11

Спортшы «нәтиженің осында боларын білгенмін» дейді

«Тойған» секілді. Қазақстандық спортшы Қуат Хамитовті сынға алды
скрин

Қазақстандық ММА спортшысы Артем Резников (24-8) отандасы Қуат Хамитов (24-9-1) пен ресейлік Александр Шлеменко (64-15-1-1) арасындағы жекпе-жекке қатысты ойын ортаға салды. 

Спортшы «нәтиженің осында боларын білгенмін» дейді. 

«Вестник ММА» YouTube-арнасына берген сұхбатында Резников «Найманның» спорттық бабы жайлы айтты.

«Шыны керек, Қуат – менің досым. Сондықтан осылай боларын білгенмін деп айтқым да келмеуші еді. Себебі Қуатты ренжіткім келмейді. Оның шама-шарқын біліп, бірақ ойыңды сол күйінде айта алмау өте қиын, өйткені досыңның көңілін түсіріп алғың келмейді. Бәрін білгем десем, оған ұнамайтынын түсінемін.

Бірақ шындыққа тура қарайтын болсақ, Қуат бес жылдан бері жаттығу жасамайды. Спортшы болу – тынымсыз еңбек ету. Таиландта жүгіру, «лапа» ұру – бұл жаттығу емес. Жігіттерге жаттығу жасаймын десеңдер, Дағыстанға, Шешенстанға, «Ахматқа» барыңдар деймін, кейбіреулер шынымен барады, еңбек етеді. Тіпті Краснодар не Америкаға барсын. Таиландқа Петр Ян секілді бару керек. Оның өз командасы бар, бапкерлері қасында, мұны түсінуге болады. Негізінен Таиланд – ол демалатын жер. Оның үстіне Қуаттың жаттығуын көрдім, келеді де «лапа» ұрады, аз-маз жүгіреді, сонымен бітті. Меніңше, ол соңғы рет бабында Нариман Аббасовпен төбелескенде болған секілді (2019 жылғы - автор)», - деді Резников. 

Ол Шлеменконың осал тұстары болғанын, сөйте тұра қазақстандық оны да пайдалана алмағанын айтады.

«Мұның бәрі неге керек? Жақсы ақша екені сөзсіз. Бірақ Қуат шынымен жұмыс істегенде, ол лайықты жекпе-жек көрсетуші еді. Шлеменконың аяққа шабуылдан қорғануға да шамасы жетпей жатты.

Енді осыдан соң Шлеменкомен өзім төбелескім келіп тұр. Ол жылдамырақ болатын шығар дегенмін. Қуатты жақсы танимын, екеуміз жаттығу жасайтын 2013-2015 жылдары оның қандай спортшы болғанын білемін. Өте жылдам, еңбекқор еді. Қазір «тойған» секілді. Ол жаттығу жасамайды, өзі үшін өмір сүреді, ақша табады.Саясатқа немесе киноға, тіпті басқа істерге араласқан соң жаттығу жасау қиындайды. Негізі тек спортқа мән беру керек», - деді Резников. 

Бұған дейін қазақстандық файтер Қуат Хамитов (24-9-1) орта салмақтағы Bellator титулының бұрынғы иегері, ресейлік Александр Шлеменкодан (63-15-1-1) жеңіліп қалғанын хабарлағанбыз.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам