Екеуі АҚШ-та өткен UFC 302 турнирінде кездесіп, Газа секторындағы соғыс туралы сөйлескен болатын
АҚШ-тың бұрынғы басшысы Дональд Трамп елде президенттік сайлау жақындаған сайын медиа-кеңістіктегі белсенділігін арттыра бастады. Тіпті, кезінде өзі жаптырып тастамақ болған TikTok желісінен де аккаунт ашып алған.
Күні кеше Трамп әлеуметтік желідегі парақшаларының бірінде даңқты файтер Хабиб Нурмагомедов туралы жазба қалдырды. Ол дағыстандық спортшыны тарихтағы ең ұлы жауынгер бірі деп атаған.
«Мансабын 29-0 рекордымен аяқтаған Хабиб Нурмагомедов бүтін жекпе-жек былай тұрсын, жеке раундтарда да жеңіліп көрмеген. Бәлкім, ол – тарихтағы ең ұлы файтер. Оны оны Нью-Джерсидегі UFC турнирінде көрдім. Расымен де өте ақылды жігіт, болашағы зор», - деп жазды АҚШ-тың экс-президенті.
Еске салайық, өткен аптада Трамп пен Нурмагомедов UFC 302 турнирінде кездескен болатын. Сол кезде Хабиб америкалық саясаткерден Газа секторындағы соғысты тоқтатуға күш салуын сұраған. Трамп болса тоқтату қолынан келетінін айтып, уәдесін берген еді.