Ол күшік күйеу болғысы келмейтінін, аш болса да нағыз еркек секілді өмір сүретінін мәлімдеді
36 жастағы қазақстандық файтер Қуат Хамитов әлі күнге дейін үйленбей жүруінің себебін айтты.
Қуат белгілі боксшы Айдос Ербосынұлының YouTube-каналына қонаққа келіп, сұхбат берген.
«Бала кезімде спортты бастағанда «қашан үйленесің» деп сұрайтындарға үйленбейтін шығармын деп айтатынмын. Алдымен, спортты нәтиже көрсетуім керек, мен үйленетін қыз әлі туылмаған дегенім бар. Сол кезде періштелер әмин деп қойған секілді. Мен үйлене алмай жүрмін. Жолықпай жүр. Медресеге де барғанмын. Өзімді шынайы адаммын деп санаймын. Көптеген бай кісілердің қыздары да маған тұрмысқа шыққысы келген. Ондай жағдайлар көп кездесті», - дейді Қуат Хамитов боксшы айдос Ербосынұлына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, кейбір байлар күйеу бала болсаң, жағдайынды өзіміз жасап береміз деген екен.
«Мен ондай күшік күйеу бола алмаймын. Біреудің байлығы керек жоқ. Аш болсам да, еркек секілді өмір сүргім келеді. Үйленсем тек шын жүрегіммен жақсы көрген жанды ғана аламын», - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін «Найман» лақап атымен танылған спортшы соңғы жекпе-жегін мамыр айында Ресейде жергілікті файтер – 40 жастағы Александр Шлеменкоға қарсы өткізіп, жеңіліп қалған болатын.