Ресейде КЭМПО MMA файтері Алиса Иринина өзіне қырындап, мазасын алған жігітті нокаутқа жіберді. Бойжеткеннің ауыр соққысы бейнебақылау камерасына жазылып қалған.
Mash телеграм-каналы таратқан видеода оқиғаның көшеде болғанын аңғару қиын емес. Қызға қырындаған жігітті алдымен күзетші тоқтатпақ болған. Алайда, ер адам оған дес бермеген соң, Алиса өзінің жұдырығын іске қосты.
Кейінірек белгілі болғаны, бұл оқиға биыл маусым айында Санкт-Петербург қаласында орын алған екен. Алиса 21 жасқа толған туған күнін атап. Ал, «таяқ жеген» жігіт сол көңілді кештің қонағы болған. Ол алкогольді ішімдікке масайған соң, туған күн иесінің мазасын алған.
Алиса Иринина қазіргі таңда спортпен тұрақты айналыспайды. Ол 2017 жылы ушу-саньда спортынан Ресей кубогін жеңіп алса, 2020 жылы КЭМПО MMA-дан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.