Ол қазақ файтерімен төбелесуден қашып жүр
Жартылай орта салмақта UFC чемпионы Белал Мухаммад Шавкат Рахмоновпен титулын қорғаудан қашқақтап жүр. Қазақ файтері оны жыл басынан бері бірнеше рет жекпе-жекке шақырғанымен, ол нақты жауап бермей келеді. Мәселен, жуырда ғана Шавкат Рахмонов UFC-307 аясында Белалмен кездесу өткізу туралы ұсыныс жасалғанын айтқан. Алайда, Мухаммад «өтетін уақыты ыңғайсыз» деген сылтаумен бас тартыпты.
Америкалық файтердің пікірінше, Шавкат алдымен UFC-дегі белді спортшылардың бірімен жекпе-жек өткізуі керек. Тек соны жеңсе ғана онымен келіссөз жүргізуге болады дейді ол.
Нақтысын айтқанда, Белал Шавкатқа Камару Усманды ұсынып отыр. «Екеуінің қай жеңгені менімен чемпиондық титул үшін жұдырықтасады» деді Белал Мухаммад.
Мухаммадтың өзі де титулға қол жеткізу үшін біраз жолды жүріп өтті. Ол қатарынан 10 айқаста жеңіске жетіп, Эдвардспен кездесуге мүмкіндік алды.