Биыл Рахмонов мүлдем октагонға шыққан жоқ
UFC-де жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы америкалық Белал Мухаммад (24-3) қазақ файтері Шавкат Рахмоновты (18-0) тағы да мұқатты. Бұған дейін Белал Шавкатты мазақ ететін видеоклип әзірлесе, бұл жолы оның ағылшын тілін білмейтінін айтқан.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов чемпиондық белбеуге үміткер басты файтерлердің бірі. Белбеудің қазіргі иесі Белал Мухаммад түрлі сылтау айтып, онымен жекпе-жек өткізуден бас тартып келеді. Десе де, екеуінің арасындағы супер-кездесу биыл қараша айында өтуі мүмкін деген сыбыс бар.
«Шавкатпен жекпе-жек өткізуім заңдылық сияқты. Өйткені, ол әлі жеңіліп көрмеген. Бірақ, Иан Гарри де мүлдем жеңілмеген.
Жұрт біздің дивизиондағы өзге файтерлерді Шавкатпен қорқытады. Десе де, ТОП-та Камару Усманның бар екенін естен шығармаған жөн. Неге екеуін төбелестіріп көрмеске?!
Менің жолым мүлдем ауыр болды. Мен чемпиондық титулға төбелесу үшін қысқа уақытта Гилберт Бернспен жекпе-жек өткіздім. Рахмонов болса жеңілістен көз ашпаған Стивен Томпсонды жеңді.
Рахмонов менің намысыма тиігісі келеді. Бірақ, ол ағылшынша сөйлей алмайды ғой… Менімен трэш-ток ойнағысы келсе алдымен ағылшын тілін үйреніп алсын», - деді Белал Мухаммад Деметриус Джонсонға берген сұхбатында.