Ол барлық кездесуінде мерзімінен бұрын жеңіске жетіп келеді
Ақтөбеде аралас жекпе-жектен өткен Alash Pride FC турнирінде қазақ файтері Саламат Исбулаев (6-0) Ресейден келген Муслим Нурмагомедовты (6-1) аяусыз соққыға жығып, уақытынан бұрын ұтты.
Бес раундқа жоспарланған жекпе-жек небәрі екінші раундта аяқталды. 27 жастағы Исбуллаев дағыстандық файтерге ауыр соққыларын аяқпен де, қолмен де дарытып, оның төбелесті партерге апаруына жол берген жоқ. Нурмагомедовтың кеуде тұсына тиген соққыдан кейін оның секундтанты ақ сүлгі лақтырып, жекпе-жекті тоқтатуды сұрады. Төреші техникалық нокаут есептеді.
Саламат Исбуллаев MMA-да алтыншы жеңісіне қол жеткізіп отыр. Ешбір кездесуін ол соңына дейін жеткізбей, нокаутпен аяқтап келеді. Нурмагомедов те Саламатқа дейін мүлдем жеңілмеген еді.