Жейденің сатылымынан түскен барлық табыс қайырымдылық қорына аударылады
ESPN комментаторы әрі жүргізушісі Лора Санко Full Violence брендімен бірігіп, өзінің қазақ стиліндегі суреті бастырылған жейделерді сатылымға шағарды.
Санко жаңа өнім туралы жазбасында қазақстандық жанкүйерлерге алғысын жеткізіп, жейденің сатылымынан түскен барлық табыс қазақстандық қайырымдылық қорына аударылатынын алға тартты.
Өзінің жазбасын ол ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде жазған.
«Full Violence-пен бірлесіп жасаған жейде жобасын жариялауға қуаныштымын! Соңғы бір жыл ішінде қазақ жанкүйерлерінің қолдауы мені қатты қуантты. Мен сіздердің мәдениетіңізді, дәстүріңізді және ғажайып тарихыңызды тани түскім келді, – деп жазды Санко.
Сонымен қатар ол өкіл қызы ретінде қабылдаған қазақ халқына алғысын айтып, елімізге ат басын бұруды қалайтынын жеткізді.
«Қазақ жанкүйерлеріне алғыс ретінде осы жейдеден түскен барлық табысымды Қазақстандағы қайырымдылық ұйымына аударамын (қай ұйым екенін алдағы апталарда хабарлаймын). Қазіргі уақытта Шавкаттың менеджерімен бұл мәселені үйлестіру үстіндемін. Мені «асырап алынған әпкеміз» деп жылы қабылдағандарыңыз үшін алғысым шексіз. Қазақстанға жақын арада келуге асықпын!» - деді ол.