Қарсыласы аяқта нық тұра алмай, төреші төбелесті ерте тоқтатты
Қазақстандық актер әрі аралас жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар Nomad Fighting 11 турнирінде ресейлік файтерді небәрі 47 секундта техникалық нокаутпен жеңді.
Үш раундқа жоспарланған жекпе-жек бірінші раундтың ортасында аяқталды. Еркебұланның жылдам әрі ауыр соққысынан Фарид Якуллаев қорғанып үлгере алмай, бір сәтке есін жоғалтып алды. Төреші есеп ашқаннан кейін ол аяққа тұрғысы келгенімен, тепе-теңдікті сақтай алған жоқ. Рефери техникалық нокаутпен жекпе-жекті аяқтады.
Осылайша, Еркебұлан аралас жекпе-жектегі тоғызыншы жеңісіне жетіп отыр. Ол үш рет жеңілген. Соңғы рет қазақ файтері қараша айында египеттік Хайтам әл-Саедті техникалық нокаутпен жеңген болатын.