Лора Санко: Бұл айқастың Шавкат үшін өте қиын болатынын білдім
ESPN телеарнасының комментаторы Лора Санко қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов пен Иэн Гэрри айқасына қатысты ойын айтты.
Жерлесіміздің АҚШ-тағы басты жанкүйерлерінің бірі «Спорт Шрёдингера» YouTube арнасына сұхбат беріп, Шавкат үшін бұл кездесудің оңай соқпайтынын алдын ала білгенін алға тартты.
«Егер сіз Шавкаттың жанкүйері болсаңыз, онда бұл айқас сіздің біраз жүйкеңізді жұқартқаны анық. Октагонға шыққан сайын Шавкаттың не істейтінін, оның қандай тактика қолданатынын, қалай жұмыс істейтінін көруге асығамын. Маған Шавкаттың бойындағы нақты қандай қасиет ұнайтынына қатысты жанкүйерлер пікірі әртүрлі. Бола берсін. Бірі менің не айтып тұрғанымды түсінеді, енді бірі мүлде түсінбейді. Бұл соншалықты маңызды да емес.
Мен бұл айқастың Шавкат үшін өте қиын болатынын білдім. Бұл жай ғана серуен құру емес еді. Иэн Гэрри - тиісті дәрежеде бағаланбаған жауынгер. Меніңше, Иэн лайықты бағаланбай жатады, әйтпесе ол өте мықты спортшы. Бәлкім оның өзін октагоннан тыс уақытта қалай ұстайтыны көпшілікке ұнамайтын шығар. Осы жайт оның спортшы ретінде дұрыс қабылданбауына әсер ететін тәрізді. Сондықтан өте күрделі жекпе-жек боларын білдім. Дегенмен бесінші раунд дәл осылай болады деп күткен жоқпын. Шавкат қылқындыру әдісінен уақтылы шыға біліп, кезекті жеңісіне қол жеткізгені үшін Құдайға шүкір деймін. Жекпе-жектен соң Шавкат октагонға жарақатпен шыққанын білдік. Осы және екі спортшының бір-бірін жақсы білетіндігі айқасты екеуі үшін де күрделі ете түскендей. Қалай болғанда да Қазақстанды кезекті жеңіспен құттықтаймын», - деді Лора.