
Ол биыл көктемде Шавкат Рахмоновпен төбелесуі тиіс
UFC лигасында жартылай орта салмақта әлем чемпионы Белал Мухаммад (24-3) дағыстандық файтер Ислам Махачевпен (14-0) жекпе-жек өткізу ұсынысына жауап берді.
Айта кетейік, Махачев жеңіл салмақтың «жауынгері». Алайда, ол алдағы уақытта жартылай орта салмақ дивизионына өтуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын.
«Мен Исламмен ешқандай жағдайда төбелеспеймін. Бізге бірге жаттығу жасадық. Бірге тер төктік, біздің арамыз өте жақсы. Сондықтан, бұл тұрғыда ақша мәселе шешпейді.
Исламның командасы маған өте көп көмектесті. Мен онымен төбелескенше орта салмаққа өтіп, чемпиондық белбеуімді оған босатып бере саламын. Мен қазір онсыз да бірер жекпе-жектен кейін орта салмақ дивизионында чемпиондық титулға төбелесуге мүмкіндік аламын», - деді Белал Мухаммад Barstool Chicago арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Белал Мухаммад биыл көктемде чемпиондық титулын қорғау үшін қазақ файтері Шавкат Рахмоновпен (19-0) жекпе-жек өткізуі мүмкін. Екі тарап арасында ауызше келісім бар. Екеуінің былтыр желтоқсанға жоспарланған кездесуі Белалдың денсаулығына байланысты болмай қалған еді.