Бұған дейінгі ең ірі гонорарды Конор Макгрегор алған
Дзюдодан Олимпиада ойындарының үш дүркін чемпионы Тедди Ринер UFC-дің 15 млн еуроны құрайтын ұсынысынан бас тартты.
Жапондық Tokyo Sport басылымының жазуынша, Дана Уайт Франция дзюдошысына UFC-ге ауысқан жағдайда, 15 млн еуро беруге уәде берген. Бұл аралас жекпе-жек спортындағы рекордтық сомаға баланып отыр.
Тедди Ринердің айтуынша, ол алда тек дзюдодағы мансабын табысты жалғастыруды ғана көздейді.
«Мен дзюдода әлі де биік жетістіктерге қол жеткізуім керек. Татамидегі күресте біз онсыз да көп жарақат аламыз. Әзірге басты мақсатым - 2024 жылы Париждегі олимпиадада ойындарында топ жару», - деді Тедди Ринер ұсынысқа қатысты.
Дзюдодада соңғы он бес жылда рекордтық жетістікке жеткен Ринер 13 жыл бұрын ММА спортын ащы сынаған. Ол октагондағы жекпе-жекті спорт деп санауға болмайтынын айтады. Дегенмен, UFC-ге Ринер келген жағдайда оның танымал жұлдыз боларына Дана Уайт өте сенімді.
Айта кетейік, бұған дейін UFC-де ең қомақты гонорарын Конор Макгрегор алған болатын. Оған ұйым тарапы 3 млн доллар беріп, келісімшарт жасасқан.
Тедди Ринер болса дзюдодан Олимпиадаға 4 рет қатысты. Ол 2008 және 2020 жылы қола жүлдегер атанса, 2012, 2016 жылдары Олимпиада чемпионы болды. 2020 жылы Токиода командалық сында да жеңімпаз атанып, өзінің мансабындағы Олимпиада ойындарының үшінші алтынына қол жеткізді.